Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексі (Жоба) (2003 ж. 30 мамыр) (күші жойылды)

Предыдущая страница

83-бап. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттi бекіту

Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетi бекіту заңды Қазақстан Республикасы Парламентi қос Палатасының бiрлескен отырыстарында мақұлдаған редакциясында қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

15-тарау. Жергiлiктi бюджет жобасын мәслихатта қарау

және бекіту процесi

84-бап. Жергiлiктi бюджет жобасын мәслихаттың тұрақты комиссияларында қарау

1. Жергiлiктi бюджет жобасы тиiстi мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады.

2. Тиiстi мәслихаттың тұрақты комиссиялары комиссия мүшелерi арасынан жұмыс топтарын құрады. Жұмыс топтарына жергiлiктi уәкiлеттi органдардың өкiлдерi тартылуы мүмкiн.

3. Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарының пiкiрлерiн ескерумен қатар, тиiстi негiздемелер мен есептердi қоса отырып, жергілiктi бюджет жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнiнде ұсыныстар жасайды және оларды тиiстi мәслихат белгiлеген бас тұрақты комиссияға жiбередi.

4. Бас тұрақты комиссия басқа тұрақты комиссиялардан түскен ұсыныстардың жиынтығын жасап, оны мәслихаттың сессиясына шығарады.

Бұл ретте жиынтыққа тек тиiстi негіздемелерi мен есептерi бар ұсыныстар ғана енгізiледi.

5. Тиiстi мәслихаттың сессиясында жергiлiктi бюджет жобасын талқылау тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс әкімінiң, жергiлiктi атқарушы орган уәкiлеттiк берген тұлғасының (тұлғаларының) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiндiсiнiң орта мерзiмдi әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламасы бойынша, орта мерзiмдi фискальдық саясат және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттiң жобасы бойынша баяндамаларын, сондай-ақ мәслихат уәкiлеттiк берген адамдарының заң жобасы бойынша қорытынды жасайтын баяндамаларын қамтиды.

6. Мәслихат сессияда алдағы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет бойынша жергiлiктi бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң басшыларын тыңдауға құқылы.

85-бап. Жергiлiктi бюджеттi мәслихатта бекіту

Тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджетті бекіту мәслихат шешiмiн мәслихат депутаттарының көпшiлiк даусымен мәслихат сессиясында мақұлданған редакциясында қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

5-бөлiм. Бюджеттердiң атқарылуы және нақтылануы

16-тарау. Бюджеттiң атқарылуы туралы жалпы ережелер

86-бап. Бюджеттiң атқарылуы туралы жалпы ережелер

1. Бюджетке түсiмдердiң түсуiн қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламаларды iске асыру, сондай-ақ бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану) жөніндегі iс-шаралар кешенiн орындау бюджеттiң атқарылуы болып табылады.

2. Бюджеттiң атқарылуы ағымдағы қаржы жылғы 1 қаңтарда басталып, 31 желтоқсанында аяқталады.

3. Осы кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджеттiң атқарылуы кассалық негiзде жүзеге асырылады.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi.

5. Жергiлiктi атқарушы органдар жергілiктi бюджеттердiң атқарылуын қамтамасыз етедi. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган осы Кодекске сәйкес жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына қызмет етудi жүзеге асырады.

87-бап. Бюджеттiң атқарылу қағидаттары

1. Бюджет қаражатын нысаналы пайдалану қағидаты - бюджет қаражатын тек бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында және бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру жоспарларында белгiленген мақсаттарға ғана пайдалану.

2. Уақтылық қағидаты - бюджетке түсетiн түсiмдердi есепке алу және бюджет қаражатын белгiленген мерзiмде пайдалану.

3. Бюджеттiң бiр қалыпты атқарылу қағидаты - қаржы жылының аяғына таман төлемдер көлемiнiң шамадан тыс қорлануына жол бермеу мақсатында бюджет қаражатын қаржы жылы процесiнде бiр қалыпты бөлу.

4. Кассаның бiрыңғайлық қағидаты - түсiмдердiң барлығын бiрыңғай қазынашылық шотқа есепке алу және көзделген шығыстардың барлығын бiрыңғай қазынашылық шоттан ұлттық валютамен жүзеге асыру. Қазақстан Республикасы бюджет жүйесiнiң барлық деңгейдегi бюджеттерi кассаның бiрыңғайлық қағидаты негiзiнде атқарылады.

88-бап. Бiрыңғай қазынашылық шот

1. Бiрыңғай қазынашылық шот - аударым операцияларын және олардың есебiн жүргiзудi орталықтандырып жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiне ашылатын шот.

2. Бiрыңғай қазынашылық шот қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдықтарын, мемлекеттік мекемелер шоттарын және басқа да шоттарды қамтиды.

Қолма-қол ақшаны бақылау шоты түскен түсiмдер мен бюджеттің тиісті деңгейiнен төленген төлемдер бойынша операцияларды есепке алуға арналған. Мемлекеттік мекеме шоттары Қазақстан Республикасының виза актілерінде рұқсат етiлген бюджеттік шығыстар мен өзге де қаражатты есепке алуға арналған.

3. Шетел валютасымен түсетiн түсiмдер бойынша операцияларды жүзеге асыру және олардың есебiн жүргiзу үшiн бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде шетел валютасының түрлерi бойынша банкiлiк шот ашады.

4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражатын банк шоттарына орналастыруға жол берiлмейдi.

89-бап. Мемлекеттік мекемелердi қаржыландыру

1. Мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік мекемелер республикалық немесе жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен және осы Кодексте көзделген жағдайларда өзге де қаражат есебiнен қаржыландырылады.

2. Жергілiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердi республикалық бюджеттен қаржыландыруға жол берiлмейдi.

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердi жергiлiктi бюджеттен қаржыландыруға жол берiлмейдi.

Мемлекеттік мекемелердi екi және одан көп жергiлiктi бюджеттен қаржыландыруға жол берiлмейдi.

3. Бiр мемлекеттік мекеменi қаржыландырудың жеке жоспары есебінен басқа мемлекеттік мекеменiң қаржыландыруына жол берiлмейдi.

4. Мемлекеттік органдар қатаң түрде тиiстi бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.

5. Осы Кодекстiң мемлекеттік мекемелерге қатысты ережелерi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне қолданылмайды.

90-бап. Мемлекеттік мекемелердiң шоттары

1. Мемлекеттік мекемелердiң мынадай шоттары болуы мүмкiн:

бюджеттік шоты - бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын операцияларды есепке алу үшiн ашылатын шот;

тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) есепке алуға арналған шот - тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден алынатын, мемлекеттік мекемелер иелiгiнде қалатын ақша түсiмдерi мен шығыстарын есепке алу үшiн ашылатын шот;

спонсорлық және қайырымдылық көмек шоты - заң актілеріне сәйкес заңды және жеке тұлғалардан қайырымдылық және демеушiлiк көмек ретiнде алынатын, ұлттық және шетел валютасымен де түсетiн ақша түсiмi мен шығысын есепке алу үшiн ашылатын шот;

депозиттiк шот - мемлекеттік мекеменiң уақытша иелiгіне түсетiн және белгiлi бiр жағдайлар болып қалған кезде, заң актілеріне сәйкес өзге мақсаттарға жұмсау құқығынсыз, салушыларға қайтарылуға немесе бюджетке немесе үшінші тұлғаларға аударылуға жататын ақшаны есепке алу үшін ашылатын шот;

бюджеттік инвестициялық жобаның немесе бағдарламаның арнайы шоты үкiметтiк сыртқы қарыз немесе гранттың аванстық төлемдерi арқылы қайталанатын, қарыз немесе грант туралы халықаралық шартта ескерiлген шетел валютасымен ашылған шот. Арнайы шотты бюджет бағдарламасы әкiмшiсi үкіметтiк сыртқы қарыз грант есебiнен қарыз немесе грант туралы халықаралық шартқа сәйкес тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) сатып алуға және бюджеттік инвестициялық жобаға немесе бағдарламаға әкiмшiлiк етуге шығарылған шығыстардың үлесiн толтыру үшiн ашады;

бюджеттік инвестициялық жобаның немесе бағдарламаның арнайы шотына ұлттық валютасымен төлемдер жасау үшiн ашылған шот;

қолма қол ақша алуға арналған шот - қолма қол ақша алу үшiн Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде ашылатын шот;

бюджеттік инвестициялық жобаның жаңартылған шоты - үкiметтiк сыртқы қарыздар есебiнен берiлген кредит бойынша негiзгi борышты өтеу шотына қарызшылар қайтаратын ақшаны есептеу мен пайдалану үшiн бюджеттік инвестициялық жобаны iске асыру кезеңiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық атқарушы органға ашылатын шот;

шетел валютасымен операциялар жүргiзуге арналған шетел валютасындағы шот;

нысаналы қаржыландыру шоты - ерекше шығыстар жасауға ақшаны есептеу мен жұмсау үшiн республикалық бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемеге ашылатын шот.

2. Мемлекеттік мекемелердiң шоттары тек бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органда ғана ашылады. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен белгiленген банк заңнамасына сәйкес шоттарды екiншi деңгейдегi банктерде ашуға болады.

91-бап. Бюджет қаражатының қалдықтары

1. Бюджет қаражатының қалдықтары - есептi кезеңнiң аяғындағы жағдай бойынша пайдаланылмай қалған бюджет қаражаты.

2. Уақытша бос бюджет ақшасы - белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде icкe қосылмаған, бiрыңғай қазынашылық шотта жатқан бюджет қаражаты.

3. Уақытша бос бюджет ақшасын бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлетті орган Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі салымдарға (депозиттерге) орналастыра алады. Уақытша бос бюджет ақшасын салымдарға (депозиттерге) орналастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.

4. Бюджет қаражатының бос қалдықтары - өткен қаржы жылынан кейiнгi қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша өткен қаржы жылы бюджетiнiң атқарылу қорытындылары бойынша пайдаланылмай қалған бюджет қаражаты.

5. Жергiлiктi бюджеттердiң бюджет қаражатының бос қалдықтары жоғары тұрған бюджетке алып қоюға жатпайды.

6. Бюджет қаражатының бос қалдықтарын ағымдағы жылдың шығыстары бойынша жоспарлық тағайындалымдарды ұлғайтуға мынадай дәйектiлiкпен жұмсауға болады:

1) өткен жылғы бюджетте бекітілген бюджеттік инвестициялық жобаның қаржыландырылуын аяқтауға, ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтыламай, Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның қаулысы негiзiнде бекітілген жылдық көлемiнiң 10 процентiнен аспайтын сомаға. Мұндай шығыстар ағымдағы жылдың шығыстары болып табылады;

2) ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтыламай, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергілікті атқарушы органның қаулысы негiзiнде алынған қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеуге;

3) ағымдағы жылдың бюджетін Қазақстан Республикасының Парламентінде немесе мәслихатта нақтылау арқылы мемлекеттік мекемелердiң кредиторлық берешегiн өтеуге;

4) ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтылау арқылы ағымдағы бюджеттік бағдарламалардың қаржыландырылуын қамтамасыз етуге;

5) ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтылау арқылы басқа да шығыстарға.

7. Бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы - бюджет қаражатының бос қалдықтары мен есептiк кезеңнiң аяғына шаққандағы бюджет қаражаты арасындағы айырма.

17-тарау. Бюджеттiң атқарылу негiзi

92-бап. Бюджеттiң атқарылу негізi болып табылатын құжаттар

Мыналар:

1) осы Кодекс;

2) республикалық бюджет туралы заң және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттер туралы мәслихаттардың шешiмдерi;

3) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiн iске асыру жөнiнде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органдарының қаулылары;

4) республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергіліктi атқарушы органның ағымдағы жылы қабылдайтын шешiмдерi;

5) бюджеттік бағдарламалардың паспорттары;

6) жылдық қаржыландыру жоспары;

7) түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары;

8) осы Кодекске сәйкес бюджеттің атқарылу тәртібін белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер бюджеттiң атқарылу негiзi болып табылады.

93-бап. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды және жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттар шешiмдерiн iске асыру жөнінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдарының қаулылары

1. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды iске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысы жоспарланған жылдың алдындағы жылғы 20 желтоқсанға дейiн қабылданады.

Тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы жергiлiктi атқарушы органның қаулысы мәслихат жергiлiктi бюджеттi бекiткеннен кейiн екi апталық мерзiмде қабылданады.

2. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды iске асыру жөнiнде - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және жергілiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiн iске асыру жөнiнде жергiлiктi атқарушы органның қаулысы қаржы жылы басталғанға дейiн қабылданып, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiне, бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi органға республикалық немесе жергiлiктi бюджеттiң уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларды көздейдi.

Қаулыға мыналар қоса тiркеледi:

осы Кодексте белгiленген құрылым бойынша бекітілген республикалық немесе жергiлiктi бюджет. Бұл ретте түсiмдер - ерекшелiктер деңгейiне дейiн, ал бюджеттік бағдарламалар кiшi бағдарламаларға бөлiнiп ұсынылады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi ашық түрде келтіріледі;

республикалық бюджет туралы заңды немесе жергіліктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыруға қажеттi басқа да деректер немесе көрсеткiштер, оларды белгiлеу Қазақстан Республикасы Үкіметіне немесе жергiлiктi атқарушы органға жүктелген.

3. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды iске асыру жөнiнде - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және жергілiктi бюджет туралы мәслихаттар шешiмiн iске асыру жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдардың қаулысын әзiрлеудi заңдарда белгiленген тәртiппен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.

94-бап. Бюджеттік бағдарламалар паспорттары

1. Тиiстi қаржы жылына республикалық бюджеттік бағдарламалар паспорттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі жоспарланатын жылдың алдындағы жылғы 20 желтоқсаннан кешiктiрмей бекiтедi.

Тиiстi қаржы жылына жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi бюджеттi мәслихат бекіткеннен кейiн екi апталық мерзiмде бекiтедi.

2. Республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалар паспорттары бюджеттік өтiнiм құрамында ұсынылып отырған және бюджеттi бекiткен (нақтылаған, түзетулер енгiзген) кезде қабылданған шешiмдердi ескерiп, бюджет комиссиясы мақұлдаған бюджеттік бағдарлама паспорты негiзiнде жасалады.

3. Бюджеттік бағдарлама паспорттарына өзгерістер мынадай жағдайларда енгiзiледi:

бюджеттi нақтылау;

тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiн iске асыру жөнiнде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органдарының қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

4. Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң паспорттары мемлекеттік құпиялар туралы заңнама нормалары сақталына отырып, белгіленген тәртiппен заңдық электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында мiндеттi түрде жариялануға тиiс.

95-бап. Жылдық қаржыландыру жоспары

1. Жылдық қаржыландыру жоспары - жылдық түсiмдер көлемiмен теңгерiмделген, бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бойынша бюджеттік бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) жылдық қаржыландыру көлемдерiн белгiлейтiн құжат.

2. Жылдық қаржыландыру жоспарын бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган әзiрлеп және бекітіп, бюджеттi атқару жөнiндегі уәкiлеттi органға бередi, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiне жiберiледi.

3. Жылдық қаржыландыру жоспарын әзiрлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.

18-тарау. Бюджеттiң атқарылу процесi

96-бап. Бюджеттiң түсiмдер бойынша атқарылуы

1. Бюджеттiң түсiмдер бойынша атқарылуы бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның заңдарға сәйкес бюджетке түсетiн түсiмдердiң толық және уақтылы есепке алынуын, оларды тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе мәслихаттың жергiлiктi бюджет туралы шешiмiнде белгіленгеннен төмен емес мөлшерде қамтамасыз ету жөнiнде iс-шаралар кешенiн жүргiзу болып табылады.

2. Бюджеттің түсiмдер бойынша атқарылуы мыналарды:

түсiмдердi бiрыңғай қазынашылық шотқа төлеу және есепке алуды;

осы Кодекске сәйкес түсiмдердi бюджеттер деңгейлерi арасында бөлудi; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттен түсiмдер сомасын қайтаруды нe оларды салық берешегiн өтеу есебiне есепке алуды қамтиды.

97-бап. Түсімдердi бiрыңғай қазынашылық шотқа төлеу және есепке алу

1. Бюджетке түсетiн түсiмдер ақшалай нысанда жүзеге асырылады және бiрыңғай бюджеттік сыныптамаға сәйкес толық көлемде бiрыңғай қазынашылық шотқа есепке алынады.

2. Бюджетке шетел валютасымен түсетiн түсiмдер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiмен келісім бойынша бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгілейтін тәртіппен есепке алынады.

98-бап. Түсiмдердi бюджеттер деңгейлерi арасында бөлу

Түсiмдердi бюджеттер деңгейлерi арасында бөлудi осы Кодекске сәйкес әрбiр жұмыс күнi бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

99-бап. Бюджеттен түсiмдер сомасын қайтару

Тиiстi бюджеттен түсiмдер сомасын қайтару не оларды салық берешегiн өтеу есебiне есепке алу заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

100-бап. Бюджеттiң шығыстар бойынша атқарылуы

1. Бюджеттiң шығыстар бойынша атқарылуы бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік бағдарламаларды толық және уақтылы, тиiстi қаржы жылына арналған не бюджетпен түзетiлген республикалық бюджет туралы заңда және жергілiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiнде бекітілгеннен аспайтын сома шегiнде орындауға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруы болып табылады.

2. Мыналар:

мiндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын жасау және бекіту;

түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау және бекіту;

мемлекеттік мекемелердiң мiндеттемелер қабылдауына рұқсаттар беру;

мемлекеттік мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiн тiркеу;

төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру;

бюджет қаражатын игеру бюджет шығыстарының негізгi атқарылу кезеңдерi болып табылады.

3. Бюджет қаражаты есебiнен тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

101-бап. Бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары

1. Мiндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары мемлекеттік мекемелердiң мiндеттемелер қабылдауының жеке бюджет шығыстарының экономикалық жiктемесi бойынша оларды атқару үшiн төлемдер төлеудi жүзеге асыруының ай сайынғы кестесiн айқындайтын құжаттар (бұдан әрi - бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары).

2. Бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейтiн тәртiппен әзiрлейдi.

3. Бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның республикалық бюджет туралы заңды немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы қаулыға, жылдық қаржыландыру жоспарына, бюджеттік бағдapламалар әкiмшiсiнiң бюджеттік өтiнiмiне, бюджеттік бағдарлама паспортына, бiрыңғай бюджеттік сыныптамаға сәйкес әзiрленедi.

4. Бюджеттік бағдарламаны (кiшi бағдарламаны) қаржыландыру жоспарлары түсiмдер мен қаржыландырудың тиiстi жиынтық жоспарларын қалыптастыру үшiн пайдаланылады.

5. Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган бюджеттік бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша төлемдер төлеудi жүзеге асырудың ай сайынғы кестесiне түсiмдердiң болжалды көлемдерiн ескере отырып, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң келісімiмен өзгерістер енгізуге құқылы.

6. Бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру жоспарларын түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары бекiтілгеннен кейiн бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi бекiтедi.

7. Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi мемлекеттік мекемелердi қаржыландырудың жеке жоспарларын әзiрлеу мен бекітудi қамтамасыз етедi.

Мемлекеттік мекемелердi қаржыландырудың жеке жоспарлары бюджеттiң атқарылуы жөніндегі орталық уәкiлеттi органға табыс етiледi.

8. Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi бюджеттік бағдарламаны (кiшi бағдарламаны) қаржыландыру жоспарына бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бойынша, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiн iске асыру жөнiндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органдарының қаулысымен бекітілген жылдық сома шегiнде, өз бетiнше өзгерістер енгізуге құқылы.

Бұл ретте мынадай талаптар сақталуға тиiс:

бюджеттік бағдарлама паспортына сәйкес келу;

мемлекеттік мекемелердiң қабылданған мiндеттемелерi орындалуын қамтамасыз ету;

мемлекеттік мекемелердiң кредиторлық берешегiнiң пайда болуына жол бермеу.

102-бап. Түсімдер және қаржыландырудың жиынтық жоспары

1. Түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары - бюджет түсiмдерiнiң және бюджеттік бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) шығыстарын қаржыландырудың сыныптамасы бойынша бюджетке түсетiн түсiмдердiң ай сайынғы теңгерiмделген жоспарын айқындайтын құжат.

2. Жиынтық қаржыландыру жоспарындағы түсiмдер және бюджеттік бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша жылдық сомалар бастапқы бекітілуi кезiнде жылдық қаржыландыру жоспарына сәйкес келуi тиiс.

3. Түсiмдер және қаржыландырудың жиынтық жоспары Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес бюджетке белгiленген төлемдер төлеу мерзiмiн, бюджетке алдыңғы жылдары түскен түсiмдер динамикасын, мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылығын талдау динамикасын, бағалы қағаздар рыногындағы сұраныс пен ұсыныс деңгейiн, қарыздар мен гранттар туралы жасасылған келісімдер мен шарттардың талаптарын және бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi әзiрлеген бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын негiзге ала отырып жасалады.

4. Мiндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларының негiзiнде мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары жасалады.

5. Түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын бюджеттi атқару жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен жасап, бекiтедi.

6. Жылдық сомаларды қоса алғанда, түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізудi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

7. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi орган түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын бюджеттiң атқарылуы жөніндегі орталық уәкілеттi органға табыс етедi.

103-бап. Рұқсаттар беру

1. Рұқсат - бюджет қаражатының көлемiн айқындайтын құжат, соның шектерiнде мемлекеттік мекемелер мiндеттемелер қабылдайды.

2. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі уәкiлеттi органдар бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне, бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiсi ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерге рұқсаттар бередi.

3. Рұқсаттар ағымдағы қаржы жылының 31 қаңтарына дейiн жарамды.

4. Рұқсаттар беру нысаны мен тәртібін бюджеттiң атқарылуы жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлейдi.

104-бап. Мемлекеттік мекемелердiң мiндеттемелерi

1. Мемлекеттік мекемелер тиiстi қаржы жылына арналған қаржыландыру жоспарларында бекітілген сомалар шегiнде ғана мiндеттемелер қабылдайды.

2. Мемлекеттік мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерi оларды бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органда мiндеттi тiркеуден өткiзгеннен кейiн күшiне енедi.

3. Бюджет қаражаты Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi уәкiлеттi органның резервiнен бөлiнген жағдайларды қоспағанда, ағымдағы қаржы жылғы 15 желтоқсаннан кейiн мемлекеттік мекемелермен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.

4. Мемлекеттік мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiн мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.

105-бап. Төлемдерді және аударымдарды жүзеге асыру

1. Алдын ала ақы төлеу нысанындағы төлемдердi қоспағанда, мемлекеттік мекемелердiң мiндеттемелерi бойынша төлемдер растайтын құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады. Бюджеттен төленетiн төлем сомасы мемлекеттік мекемелер мiндеттемелерiнiң сомасынан аспауы керек.

2. Растайтын құжаттар - тiркелген азаматтық-құқықтық мәмiленiң талаптарына немесе заң актiне сәйкес келетiн тауарлар жеткiзiлген, жұмыстар орындалған немесе қызметтер көрсетiлген фактiн дәлелдейтiн құжаттар.

3. Төлемдердi жүзеге асыру төлеуге берiлетiн шоттар мен төлем құжаттарын қамтиды.

Төлеуге берiлетiн шот - мемлекеттік мекемелердiң мiндеттемелерiн орындағанын растайтын құжат, соның негiзiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган төлемдердi жүзеге асырады.

Бюджеттік төлемдер тиiстi бюджеттің бақылау шотында бар бюджет қаражатының қалдығы шегiнде жүзеге асырылады.

Төлем құжаттарын ресiмдеу, ұсыну және пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының төлемдер және ақша аударымдары туралы заңдарымен белгiленедi.